Модельді балалар кітапханасында ұлы қазақ ақыны, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған «Ғасырлар даналығы» атты бейнепоэзия дайындалды. Іс-шара барысында кітапхананың белсенді оқырмандары — Болуан Шолақ атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Інжу Тастыбай және мектеп-гимназиясының оқушысы Калиакпарова Аружан — Абайдың белгілі өлеңдерін мәнерлеп оқып, оның терең ойлары мен шығармаларының мазмұнын, поэтикалық сөзінің көркемдігін жеткізе білді. Бейнеролик ұлы ақынның бай шығармашылық мұрасын насихаттау, оның туындыларына деген қызығушылықты арттыру және өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген сүйіспеншілігін дамыту мақсатында дайындалып, кітапхананың әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланды. Абайдың даналық пен өмірлік философияға толы шығармалары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпай, жас ұрпақты ізгілікке, білімге, еңбекке және рухани құндылықтарға баулиды. Ұлы ақынның өнегелі сөздері әрдайым жаңғырып, жас оқырмандарға шабыт сыйлай берсін!
Модельді балалар кітапханасында ұлы Абай Құнанбайұлының рухани мұрасына арналған «Абайдың даналығы» атты әдеби сағат өткізілді. Іс-шараға мектеп-гимназияның 6 «А» сынып оқушылары қатысты. Балалар ақынның өмірі туралы қызықты деректермен танысып, білім, адалдық, еңбекқорлық және мейірімділік сияқты маңызды өмірлік құндылықтарды насихаттайтын шығармаларын оқыды. Іс-шараға ювеналды полиция тобының учаскелік инспекторы Қалиев Ануар Маратович те қатысты. Жасөспірімдермен болған әңгіме өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарау, мінез-құлық мәдениеті, заң талаптарын сақтау және әртүрлі өмірлік жағдайларда дұрыс таңдау жасай білу тақырыптарына арналды. Кездесу тек танымдық қана емес, тәрбиелік мәні де зор болды. Абайдың тағылымды сөздері мен инспектордың маңызды кеңестері балаларға білімді, жауапты әрі адамгершілігі мол тұлға болудың маңызын түсінуге көмектесті. Өйткені даналық, білім және дұрыс әрекет — бақытты әрі жарқын болашақтың негізі.